Главная » Заявления » КОНСТИТУЦИЯҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУГЕ ҚАРСЫМЫЗ!

2016-05-11-kazakhstan-zemelniy-kodeksҚазақстан жұршылығы өкілдерінің мәлімдемесіҚазақстан Республикасының Конституциясына президент Н.Назарбаевтың билік бұтақтарымен өкілеттілік бөлісуге байланысты ұсынған өзгерістері, біздің пікірімізше, мемлекет басқару ісіне ашқандай да оң ықпал жасамайтын, керісінше, оның диктаторлық сипатын және, соған сәйкес, жеке билік режимін бұрынғыдан да бетер күшейте түсетін өзгерістер болып табылады. Біріншіден, ол өзгерістердің ешқайсысы билік бұтақтарын жасақтау принциптерін шын мәнінде демократияландыруды көздемейді. 

Мәселен, үкіметті оның мүшелерінің кәсіби қабілеттерін бағалау арқылы емес, «елбасына» жеке берілгендік негізінде оған ант беру арқылы жасақтау принципі, ал, парламенттің қос палатасын да адал, таза, мөлдір, ашық сайлау арқылы емес, «жоғарыда» жасалған сценарийге сәйкес алдын-ала іріктеліп алынған «тілалғыш» кандидаттардан жалған сайлау арқылы жасақтау принципі, сот жүйесін судьяларды олардың кәсіби бәсекелестігі негізінде сайлау арқылы емес, түгел президенттің өзі жеке-дара тағайындауы арқылы жасақтау принципі өзгермеген жағдайда ондай билік тармақтарының Ақордаға, оның шынайы иесі – президентке толық тәуелділігі де сақталып қалады. 

Яғни, билік бұтақтарын демократия принциптеріне мүлде жат принциптер негізінде жасақтау тәжірибесі, демек, тұтасынан алғанда ел басқару ісінің тоталитарлық болмысы өзгермеген жағдайда билік орындарына қандай өкілеттілік берілсе де, одан ешқандай пайда жоқ, өйткені олар бұрынғысынша тағы да бір адамға бағынышты болып қала береді. Екіншіден, мемлекет басқару ісі шын мәнінде демократияландырылмаған жағдайда президенттің аяқ астынан билік бұтақтарымен өкілеттілік бөлісу ниеті оның сол арқылы, бір жағынан, өзінің 25 жыл бойы жүргізген халыққа қарсы саясаты кесірінен еліміз бүгінгі таңда өте ауыр экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани дағдарысқа ұшыраған кезде өзінен көптеген жауапкершілікті алып тастауға, екінші жағынан, өзі айтқандай, Назарбаевтың сонымен қатар ең жоғарғы би болып қалу ниеті оның диктаторлық өкілеттіліктерін, жеке билік режимін қазіргіден де гөрі күшейте түсуге ұмтылатынын айқын дәлелдейді. 

Үшіншіден, өкілеттілік бөлісу ісіне оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мүлік мәселесі жөніндегі 26-шы бапты қосарлап, ондағы «Қазақстан азаматтары» сөзтіркесін «әркім» сөзімен ауыстырудың мақсаты, біздің пікірімізше, – биліктің өткен жылғы сәуір айындағы халық толқуларына байланысты жерді аукцион арқылы сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімді арендаға беру жоспары орындалмай қалғандықтан, енді сол жоспарды қазақ жерін әркімге, яғни, кім көрінгенге, соның ішінде шетелдіктер мен азамат еместерге де Конституция негізінде еш шектеусіз жаппай сату арқылы жүзеге асыру деп білеміз! Жоғарыда айтылған уәждерге сүйене отырып, біздер, Қазақстан жұртшылығының өкілдері, мынаны мәлімдейміз:

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына президент Назарбаев ұсынған өзгерістердің барлығы ел басқару ісін демократияландыруға емес, керісінше, диктатураны күшейте түсуге бағытталғандықтан, ондай өзгерістердің кері қайтарылуын талап етеміз!

2. ҚР Конституциясының 26-шы бабына ұсынылған өзгерістер қазақ жерін жаппай сатуды заңдастыру арқылы Қазақстанның территориялық тұтастығына, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қауіп төндіретіндіктен, аталмыш баптың өзгіртілмеуін талап етеміз!

3. Қазақ жерін, демек – Қазақ Елін қорғағаны үшін әділетсіз сот үкімімен бес жылға түрмеге кесілген Макс Боқаев пен Талғат Аянға, сондай-ақ, еліміздегі басқа да бүкіл саяси тұтқындарға бостандық берілуін талап етеміз!

Жасарал Қуанышәлин, Геройхан Қыстаубаев, Маратжан Арыстанбек, Ерғазы Алпысбаев, Алмат Жұмагұлов, Шарбат Қалимоллайев, Қарашаш Боданова…

Алматы қаласы, 2017-жылдың 22-ақпаны

Комментариев пока нет... Будьте первым!

Оставить комментарий


− три = 3