Главная » Без рубрики » Нефтяники требуют отставок и отказываются отпускать своих детей в школы

Мы представляем нашим читателям письма обращения нефтяников на казахском языке. В первом заявлении бастующие рабочее требуют отставки руководителей нефтяных компаний и в частности ПФ «Озеньмунайгаз», прокуроров, местных акимов и немедленного начала переговоров. Это письмо подписало более десяти тысяч рабочих. Второе заявление касается того, что нефтяники как родители отказались отправлять в школу своих детей в знак протеста против репрессий и политики массовых увольнений. Это обращение было подписано несколькими тысячами рабочих на 20-ти листах.

Письмо 1:Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә.Назарбаев мырзаға

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатының Төрағасы

Қ.Ә.Мәми мырзаға

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасы

О.Б.Мұхамеджанов мырзаға

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

К.Қ.Масимов мырзаға

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры

А.Қ.Дауылбаев мырзаға

Қазақстан Республикасының Жоғары Сотының Төрағасы

Б.Ә.Бекназаров мырзаға

Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы

Н.Әбіқаев мырзаға

Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрі

Қ.Н.Қасымов мырзаға

Қазақстан Республикасындағы адамдар құқықтары жөніндегі Уәкіл

А.О.Шәкіров мырзаға

Ашық хат

Біздің, 2011 жылдың 26 мамырынан бастап, «ӨзенМұнайГаз» ӨФ АҚ жұмысшыларының жалақыға үстеме төленетін 1,8 аудандық коэффицент дұрыс есептелмегендіктен туындаған еңбек дауына байланысты ереуілде тұрғанымызға аттай жарты жыл болғаны өзіңізге мәлім. Қойылған талаптардың заңды негізі болғанын айтып Еліміздегі танымал тұлғалар, заңгерлер, кәсіподақ, саяси ұйымдар қолдау білдірсе, белгілі экономист-ғалым Қанат Берентаев терең сараптаудан өткізіп, жұмыс берушіні еңбекшілердің сол әділ талаптарын дереу шешуге ұсыныс істеді. Сондай қолдауды шетелдік қоғамдық, саяси, халықаралық ұйымдар көрсетіп, Қазақстан басшылығын жұмысшылардың мүддесіне бас бұруға шақырып жатыр.

Өкінішке орай, халыққа қызмет істеу мақсатына құрылып, халықтың ақшасынан нан жеп отырған жергілікті атқарушы билік сол қара халықтың жағдайын күйттеп, жұмыс беруші «ҚазМұнайГаз» БӨ кәсіпорынының жергілікті басшылығын әділеттікке, заңдылыққа бұрудың орынына, қызмет бабын пайдаланып, ереуілде тұрған жазықсыз, қарапайым халқына істеген жабайы іс-әрекеттері тіптен шектен шықты.

Ең сорақысы, алаңдағыларға, соларға моральдық қолдаумен келген басқа аймақтардың азаматтарына, ақпарат құралдары өкілдеріне моральдық шабуыл істеп, телекамералармен аңдып, қысым көрсету, соққыға жығу, пневматикалық пистолетпен ату, қамау, соттау да емес, сол, өздері де нан-шәйге жете алмай ауыр жағдайда отырған ереуілшілердің еш жазығы жоқ, күнәсіз бүлдіршіндерді, балаларын кемсіту, жәбірлеу, қамау, тіпті, жастай қыршын кетіру…

Неге, бір кәсіпорынның шеңберінде ғана шешіле қоятын қарапайым еңбек дауының мәселелері бүкіл Қазақстан ғана емес, бүкіл Европаның деңгейіне шығып кетті? Неге, кеше ғана алақандай шағын қалада бір қазаннан ас ішіп, бауырдай араласқан халық бірінің-бірі қан төгуге ғана емес тіпті, өмірін қиып, өлтіруге дейін барып отыр? Ата жауындай имансыздықпен шабуылдап жатқан алаңда отырған ағайын сол биліктегілердің де тума-туыстары, құда-жекжаттары, көрші-көлемдері, құрбы-құрдастары, әскери жолдастары емес пе? Тіпті, ар жағында, барлығы да қаны қазақ бауырлар емес пе?

Жергілікті биліктің мұндай қаталдығы қарсы қатыгездік тудырады деп неге ойланбайды? Олардың да бала-шағасы бар емес пе? Маңғыстау облысының басшылығы осының бәрін көрмей отыр ма? Ал, көре отырып неге тоқтатпайды мына қылмыскерлерді?

Осы жағдайдың бәрін Сіздерге, Республикадағы ең жоғары билікке баяндай отырып, келесі өтініштерімізді жеткіземіз:

1.Республикалық деңгейде Комисия құрылып, ереуілшілердің талаптары толық шешілсін;

2.Барлық жұмыстан шығарылғандар өздерінің орындарына қайта жұмысқа алынсын;

3.Жақсылық Тұрбаевтың, Жансәуле Қарабалаеваның өлімдерін, Наталья Соколова, Ақжанат Аминовтың істерін, басқа заңсыздықтарды тексеруді Бас Прокурор тікелей өз қолына алсын;

4.Төрт айдан астам созылған заңсыздықтарды жібергені үшін келесі басшылар орынынан алынсын;

·ӨзенМұнайГаз ӨФ басшысы — К.Ешманов

·Жаңаөзен қаласының әкімі — О.Сарбөпеев

·Жаңаөзен қаласының прокуроры – М.Тойжан

·Жаңаөзен қаласының Ішкі Істер бөлімінің бастығы – М.Қожаев

·Жаңаөзен қаласының Ішкі Істер бөлімінің бастығының орынбасары А.Өтешов

·Жаңаөзен қалалық Сотының төрағасы – Б.Елемесов

·Жаңаөзен қаласының Ұлттық Кауіпсіздік Комитетінің төрағасы-С. Ерғалиев

5.Маңғыстау Облысының әкімі Қ.Көшербаев пен орынбасары А.Айтқұловтың басқа да облыстағы лауазымды басшылардың жауапкершілігі анықталып, тиесілі жауапқа тартылсын

6.ҚР Еңбек пен әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықованың жауапкершілігі анықталып, тиесілі жауапқа тартылсын

Біз қазір, шат-шадымен көңілмен Отанымыздың Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлауға дайындалуымыз керек еді. Бірақ, өкінішке орай, оның орынына, қазір, күн мен шаңның, жаңбыр мен бүгін-ертең түсетін қардың астында, Жаңаөзеннің алаңының мұздай бетонының үстінде отырмыз. Металл екеш, металл да шаршайды екен.. Біз де соған жетуге жақын қалдық. Отарлаушы Қызыл Империя сондай жағдайға осы қаланың халқын 22 жыл бұрын жеткізген екен. Бүгін де тыңдар билік жоқ. Сонда қарапайым халық үшін не өзгерді? Маңғыстау мұнайының керек екенін білеміз. Ал, халқы ше?

Мәсімов мырза басқарған дархан Үкімет Африкаға да, Ауғанстанға да, жер сілкініске душар болған Түркияға да көлемді көмек көрсетіп жатыр. Жақсы, ол ағайындық дейміз, берсін, артық болса. Ал, мына бейбіт, тыныш заманда 3 мың адам жұмыстан шығып қалып, соларға қараған 25-30 мың адам Маңғыстауда нансыз отырса оларды кім аяйды? «ҚазМұнайГаз» бен қытай, итальян басшыларының қолдан туғызған қиындықтарынан өз-өзіне қол жұмсап жатқан азаматтардың, аш-құрсақ, мектепке киетін киімі жоқ балалардың көз жасы үшін Халықтың алдында, Алланың алдында кім жауап береді?

Осы мәселелерге 10 қарашаға дейін толық жауабын аламыз деген үміттеміз.Қосымша тіркелді: 195 бет

Маңғыстау халқы мен мұнайшыларынан он мыңға жуық қол қойылды.

30-қазан 2011 жыл

Письмо 2:Маңғыстау облыс әкімі Қ.Көшербаев мырзаға

Көшірмесі: Жаңаөзен қаласы әкімі О.Сарбөпеев мырзаға

Қалалық білім бөлім бастығы Ы.Құлатай мырзаға

Мұнайшылардың еңбек дауынан туындаған ереуіл, әлі күнге дейін оң нәтижесін таба алмай келеді. Сол жалғасып жатқан ереуілге байланысты, Сізге ереуілде тұрған мұнайшылардың бүкіл отбасыларының атынан 14 қарашадан бастап, балаларымызды мектепке жібере алмайтынымыз жөнінде төмендегіше хат жолдаймыз.

Өкінішке орай, ереуілдің мұншама уақытқа жалғасып жатқанына аттай жарты жыл болды. Соның салдарынан отбасының шырқы бұзылып, берекеті қашуда. Яғни әлеуметтік, материалдық жағдайымызға байланысты, ең азы балаларымыздың ішерге тамақ, киерге киімі де жоқ. Бірақ, ең бастысы біздің талабымыз мұнайшылардың барлық талаптары орындалуы тиіс. Ондай болмаған жағдайда , ереуілде тұрған мұнайшылардың бала-шағасымен бірге «Тәуелсіздік» алаңында болатынын ескертеміз. Сол себептен балаларымызды мектепке жібермеуге мәжбүрліміз. Алайда ереуілші мұнайшылардың қойған талаптары орындалмайынша соңына дейін тұрады және жалғасады.

Сондықтан жоғарыда айтылғандай мектеп жасындағы балаларымызды, мұнайшылардың талаптары орындалмайынша сабаққа жібереуден 2011 жылдың 14-ші қарашасынан бастап бас тартатынымызды хабардар етеміз.

Сондай-ақ ереуілде тұрғандардың бүкіл отбасының атынан Сізден тез арада мұнайшылардың талаптарының шішілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз.

Қол қоюшы ереуілдегі мұнайшылар от басынан 16 қараша 2011 жыл.

Қосымша тіркелген: қолдар -20 бет.

Комментариев пока нет... Будьте первым!

Оставить комментарий


девять + 2 =